Жуырда жалақы көлемі жөнінде наразылық білдірген екі вахтаның қызметкерлері ереуілге шыққан еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Phystech II" АҚ-на қарасты Солтүстік Қаражанбас мұнай кен орнының қызметкерлері 12 желтоқсан күні вахта ауысымына сәйкес үйге оралудан бас тартып, ереуілге шықты.
Жұмысшылар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті.
"Кен орны қауіпті өндірістік нысан екендігі мәлім. Сондықтан компания басшылығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін №1 вахта қызметкерлерінен автобуспен кен орнының аумағынан кетуін сұрады. Жұмысшылардың көпшілігі автобусқа отыруға келіспей, кен орнынан жаяу кетуге шешім қабылдады. Алайда компания оларға тағы бірнеше мәрте көлік қызметін ұсынды, бірақ жұмысшылар бұл мүмкіндікті де пайдаланбады. 2022 жылдың 15 желтоқсанында сағат 8-48-де №2 вахта қызметкерлері жұмыс орындарын тастап, өндіріс аумағынан кетуге ниетті екендіктерін мәлімдеді. Сағат 11-30 шамасында №2 вахта қызметкерлері өз жұмыс орындарын тастап, вахталық қалашыққа қарай бет алып, ереуілге шықты", - дейді компания өз хабарламасында.
Нәтижесінде барлық вахта, оның ішінде инженерлік құрам қызметкерлері жұмыс орындарын тастап кетті. Ереуілшілер өндірістік үдерісті қадағалауы үшін 4 қызметкерді қалдырып кеткен. Айта кетер жайт, бұл қызметкерлер өндіріс үдерісіне мүлдем ат салыспаған, тек бақылаушы рөлін сомдаған.
"Компания басшылығы жіті тексеріс барысында кен орнынан ұңғымаға келіп түскен сұйықтықты жинақтау мен қайта өңдеуді, мұнайды қабат суынан ажыратуды, және мұнайды әрі қарай іске асыруға дайындауды жүзеге асыратын арнайы құрылымдалған қондырғы қызметінің істен шыққандығы анықталды.
Ұңғымалар үлкен айналымдарға қосылған, қабат сұйықтығы жиналатын қақпа клапандары жабылып қалып, қабат қысымын сақтап тұру жүйесіне қабат суын кәдеге жарату үшін айдайтын сорғылар істен шыққан. Әрине мұндай өндіріс үдерісінің ауытқулары салдарынан туындайтын қысым ГСУ жүйесінің сыйымдылықтарының жарылуына әкеліп соғар еді. Алайда, басшылық құрамынан 5 адам шұғыл түрде барлық қолданыстағы 104 ұңғыманы жұмыс тәртібіне келтіру үшін дереу шаралар қабылдады, дегенмен де бір сыйымдылыққа зақым келді ", - деп хабарлады компания.
Сол күні Маңғыстау облысының Түпқараған аудандық соты аталған ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарды және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес қызметкерлері 3 сағат ішінде өздерінің еңбек міндеттерін орындауға кірісуі қажет еді.
Бірақ, 19.12.2022 жылғы жағдай бойынша, соттың шешіміне қарамастан, "Phystech II" АҚ қызметкерлері өздерінің еңбек міндеттерін орындауға кіріспеді. Сондай-ақ олар кен орны мен вахталық қалашық аумағында тұрып, ереуілді жалғастырды әрі күніне 3 мәрте ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.
"Сот шешіміне сәйкес заңсыз деп танылған ереуілге қатысқан №1 вахта қызметкерлері БӨП жанында орналасып, авариялық бригаданың кіруіне жол бермейді. Осылайша, кен орнында заңсыз ереуіл жүргізу салдарынан өндіріс толығымен тоқтатылды, бұл технологиялық процесті бұзу болып табылады. Егер өндіріс үдерісі жақын арада іске қосылмаса, онда кен орнындағы ұңғымалар өз инерциясын жоғалтып, істен шығуы мүмкін, бұл одан да ауыр зардаптарға әкеліп соғады және нәтижесінде біздің кәсіпорын мұнайды межелі жерге жөнелту, өз қызметкерлеріне жалақы төлеу, жеткізушілер және мердігерлермен есеп айырысу бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындай алмайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген салықтық және өзге де төлемдерді төлеу мүмкіндігінен айырылады. 19 желтоқсанда компанияның акционері А. Г. Усеров мырза қызметкерлермен кездесіп, өзара сұхбат орнатты, сұхбат барысында бас директор мен оның орынбасары жұмыстан босатылмайтындығын, ал қазіргі уақытта жалақы 15% - ға артатындығын мәлімдеді. Жалақыны одан әрі арттыру мұнай өндіруге байланысты кезең - кезеңмен жүргізілетін болады", - деп толықтырды компания.
Сондай ақ жұмысшыларға:
- 20.12.2022 ж. бастап барлық қызметкерлердің жалақысы 15%-ға көтеріледі;
- 20.12.2022 ж. бастап жалақысы 130 мыңнан кем жұмыскерлердің жалақысы 50% - ға көтерілетіндігі хабарланды.
Сондай-ақ, жалақыны арттыру мұнай өндіру көлеміне қарамастан кезең-кезеңмен жүргізілетін болады:
- 01.05.2023 ж. бастап 20 %-ға
- 01.09.2023 ж. бастап 20 %-ға
Компания аталған шарттармен келісуге дайын жұмысшылар жұмысқа шығуы керек екенін, ал компанияның қаржылық жағдайына байланысты қанағаттандырылмайтын соңғы талаптар бұл мәселені шешуге көмектеспейтінін атап өтті.
"Алдағы уақытта компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес әрекет ететін болады", - деп түйіндеді компания.